Баланы мектепке әзірлеудің машақаты мол. Баға – аспанда. Бұл кейбір отбасылардың бюджетіне ауыр салмақ салып, қиындық әкелуі мүмкін. Сондықтан да, көмекке қайырымды жандар мен меценаттар келді. Биыл да тамыз айы басталғалы қаламызда «Мектепке жол» акциясы қолға алынып, оқушыларға түрлі деңгейде тарту-таралығылар жасалған болатын. Сондай игі шараның бірі қалалық білім бөлімінде өтті.
Қайырымдылық шарасына «Халық банк» АҚ филиалы, «Жусан банк» АҚ қоғамының өкілдігі және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен «Volonter09» еріктілер ұйымы үн қосқан. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шара барысында жүзге жуық бала оқу құралына ие болды.
— Біз елдегі ең ірі банктің бірі болғандықтан, осы акцияға жыл сайын үн қосып, өз сыйлығымызды жасап келе жатырмыз. Биыл біздің банктің құрылғанына – 100 жыл. Осы атаулы датаға орай бізде «Жүз қайырлы іс» бастамасы қолға алынды. Соның аясында осы «Мектепке жол» акциясын да ұйымдастырдық. Біз биыл 60 балаға сөмке және оқу құралдарын сыйладық. Сөмкелерді таңдау барысында оның балаға ыңғайлы және денсаулығына зиян болмауы ерекше назарда болды. Ішіне оқушыға керек құрал жабдықтан, кеңсе тауарлары салынды, — дейді «Халық банк» АҚ Теміртау өңірлік филиалының директоры Жасұлан Жұмабеков.
Ал, «Жусан банк» АҚ өкілдігі болса 10 балаға сыйлық ала келіпті. Филиал директоры алдағы уақытта да акцияға қатысуға дайын екендіктерін жеткізді. Келешекте бұл банктің беретін сыйлығы да көбеймек.
Сондай-ақ, аталмыш акцияға «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен еріктілер де үн қатқан еді. Олар 20 балаға сөмке және түрлі кеңсе жабдықтарын ала келіпті. Палата басшысы Элмира Смайлованың айтуынша, сыйлықтарды алуға қаладағы кәсіпкерлер көмек көрсеткен екен. Сонымен қатар, еріктілердің еңбегі ерекше болыпты. Олар акция басталғалы қаладағы көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған жанұяларды аралап, оқушыларға өз сыйлықтарын табыстаған.
— Бұл акцияға үн қосып, барынша қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге және қала тұрғындарына айрықша алғыс айтамын, — дейді Элмира Смайлова.
