«Қордан қолдау тапқан қазақ мектебі»
1 min read

«Қордан қолдау тапқан қазақ мектебі»

«Қазақстан халқына» қоры Теміртау қаласындағы Әлихан Бөкейхан атындағы гимназияға 250 миллион теңге бөлді. Бұл қаржыға білім ордасының материалдық базасы толықтай жаңарып, 23 оқу кабинеті мен 5 қосымша білім беру сыныптары жаңа мүмкіндіктерге ие болды. 

 

 

Дәлірек айтсақ, енді мектепте жабдықталған жаңа медиа кабинеті жұмысын бастап, өнерге баулу үшін түрлі аспаптар, билогия ғылымына микраскоптар, қыздарға тігін шеберханасы, ұлдарға ұстахана бар. Асхана мен кітапхана, спорт залы, мұғалімдер бөлмесі, психологиялық кабинет пен робототехника, STEM кабинеттері де енді заман ағымына сай келеді.

-«Барлық жиһаздың сапасын ерекше атап өткім келеді. «Қазақстан халқына» қоры мердігерлерді өзі анықтады. Біз сол мамандармен ақылдаса отыра кабинеттерді 100%-ға ауыстырдық,-дейді Әлихан Бөкейхан атындағы гимназия директоры Құралай Ақназарқызы.

Бұл жобаға Теміртау атынан қатысып отырған алғашқы білім ордасы. Өңірдегі барлық мектептердің арасынан гимназияның таңдалғаны кездейсоқ емес. Әлихан Бөкейхан атындағы білім мекемесі құрышты қаладағы қазақ мектептерінің қара шаңырағы десек те болады.

-«Ия, кездейсоқ таңдалған жоқпыз. Біз Теміртаудағы мемлекеттік тілде сабақ беретін алғашқы ашылған мектеппіз. Дегенмен жобаға қатысу үшін белгілі бір шарттар орындалған болу керек. Мамандар жалпы мектептің жағдайына көңіл бөледі екен. Ғимарат құлаудың аз-ақ алдында тұрса, немесе күрделі жөндеу қажет етсе әрине жаңа жиһазды сыйға бермейді. Сондықтан біз құжат тапсырмас бұрын дайындалдық»,-дейді гимназия директоры.

Өткен жылы жобаға 63 мектеп өтінім берсе, оның 7-і Қарағанды өңірінен болып шықты. Арасында алғаш рет Теміртаулық Әлихан Бөкейхан мектеп ұжымы қуанышқа бөленіп, жаңарып қалды. Бұл басы ғана. Қала әкімі орынбасары Самат Саятұлының айтуынша шаһарымыздағы басқа да мектептер қордан қолдау табады.

-«Өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорны қорға 16 млрд бөлген еді. Оның тең жартысы Теміртау қаласына арналған. Ал бөлінген қаржының 4 миллиарды білім мекемелеріне жұмсалмақ. Бұл шешілген мәселе. «Қазақстан халқына» қорымен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Мұндай жағдай әр мектепте болу керек»,-дейді Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Самат Зияшев.

«Енді заманауи жабдықтар шаң басып жатпауы керек»,-дейді ұстаздар. Ол үшін мектеп оқушыларына жаңа үйірмелер ашылып, түрлі білім салаларындағы жұмыстар жалғаспақ.

 

Арман Абылхасымов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *